icon__search

АДАЛДЫҚ, БЕРІЛГЕНДІК

ЖАҢА ТӘРТІП

Олар елшiлердiң берiп жүрген тәлiмiн, араларындағы қарым-қатынастарын, нан үзу рәсiмiн және Құдайға сиынуды берiк ұстанып, жалғастыра бердi
(Елш. 2:42).

Алғашқы қауым Құдайға шынайы берілгендіктен рухани тез өсті. Себебі олар Құдаймен қарым-қатынаста адал болды, олар нығайып жетілді, өздерінің берілгендігін көрсетті. Олар екі маңызды тәртіпті ұстады: Киелі кітапты оқу және сиыну.

Құдайдың Сөзі
Құдайдың Сөзі кездейсоқ, жай ғана әңгімелердің, өлеңдердің, хаттардың жиынтығы емес. Киелі жазба Құдайдың Рухының жетелеуімен жазылған. Біз Әйүптен үлгі алуымыз қажет, ол Құдайдың Сөзін тамақтан да артық бағалаған.

Оның бұйырған өсиеттерінен бас тартқан жоқпын, аузынан шыққан сөздерін қажетті тамағымнан да артық көріп сақтайтынмын
(Әйүп 23:12).

Исаға сенбес бұрын, біз осы күнәһар әлемнің үлгісімен өмір сүрдік. Енді біз Құдайдың Сөзін түпкілікті билік ретінде қабылдадық, біз оған сенеміз. Құдайдың Сөзі өміріміздің әр саласы үшін ең басты үлгі болып табылады.

Біздің рухани өсуіміз Киелі жазбаны қаншалықты білуімізге байланысты емес, рухани өсуіміз біздің Құдайға қаншалықты мойынсұнатынымызға байланысты. Киелі кітапты үнемі оқып, бірақ Құдайдың Сөзіне мойынсұнбайтын адам өзін-өзін алдайды.

Құдайдың айтқандарын құр естiп қана қоймай, iске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздерiңдi-өздерiң алдайсыңдар
(Жақып 1:22).


Киелі кітап біздің рухани өсуіміздің кілті. Сондай-ақ өмірімізде Құдайдың еркін қалай біле алатынымызды, азғырылуға қалай қарсы тұру керектігін, қалай табысты бола алатынымызды Құдайдың Сөзі арқылы білеміз.

Жаңа туған сәбидiң сүтке шөлiркегенiндей, әрдайым Құдай сөзiнiң «таза сүтiне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсiп, күнәның құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар. Себебi «Иемiздiң қандай iзгi екенiн» өздерiң бiлiп алдыңдар
(1 Пет. 2:2,3).

Жас жігіт қалай таза жолмен жүре алады?Сөзіңе бағынып соны істей алады? Шын жүректен Саған бет бұрып келем, тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен. Күнә жасамау үшін Саған қарсы, жүрегіме сақтадым айтқандарыңды
(Жыр. 118:9-11).


Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың
(Ешуа 1:8).

Бұл күнәкар дүниенiң өмiр сүру салтын үлгi етпеңдер, қайта, ой-тiлектерiң Құдайдың жаңартуымен түбегейлi өзгерсiн! Осылай сендер Оның еркiн — ненiң игiлiктi, ұнамды және кемелдi екенiн ажырата бiлетiн боласыңдар (Рим. 12:2).

Сиыну
Мәсіхшілік – бұл жай ғана дін емес. Бұл, ең алдымен, Құдаймен тығыз қарым-қатынас. Кез-келген дұрыс тілдесудің негізі сөйлесу болып табылады. Көп араласып, сөйлессең– қарым-қатынас та жақсы болады. Құдай бізбен көптеген жолдармен сөйлеседі, бірақ, ең алдымен, Киелі кітаптағы Өзінің Сөзі арқылы сөйлейді. Біз Құдайға сиыну арқылы сөйлесе аламыз. Біз Құдайдың Сөзін оқыған кезде, Оның дауысын естіп үйренеміз. Біз сиынған кезде, Құдай бізді тыңдайды. Біз Құдайдың Сөзіне іс-әрекетімізбен жауап береміз. Құдай біздің сиынған мінәжатымызға Өз іс-әрекетімен жауап береді.

Исадан біз қалай сиынудың сабағын алып, оны үлгі ете аламыз. Исаның қалай сиынғанына қарап, Құдай Әкемен бірге уақыт өткізудің қаншалықты маңызды екенін көре аламыз.

Бiр күнi Иса қайсыбiр жерде мiнажат етiп отырды. Онысын аяқтаған кезде шәкiрттерiнiң бiрi Оған: —?Мырза! Жақия шәкiрттерiне мiнажат етудi үйреткендей, Сiз де бiзге үйретсеңiзшi? — деп сұрады
(Лұқа 11:1).

Иса бізге Құдайды білмейтін ек іжүзділер сияқты сиынбаңдар деді.

Құдайға сиынғанда да екi жүздiлердей болмаңдар: олар жұрт көзiне түсу үшiн мәжiлiсханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мiнажат етудi жақсы көредi. Сендерге былай деймiн: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. Құдайға сиынғанда жалған тәңiрлерге құлшылық етушiлер iспеттi құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститiн болады деп есептейдi.Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебi көктегi Әкелерiң өздерiң сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенiн бiледi
(Мат. 6:5,7,8).

Сиынған кезде, Иса бізге анаға, киелілерге немесе періштелерге емес, Құдай Әкеге сиынуды айтты. Біз Исаның атымен сиынуымыз қажет, себебі Иса Құдайға апаратын жалғыз жол болып табылады.

Ал сендер мiнажат еткенде өз бөлмелерiңе кiрiп, есiгiн жауып алып, көзге көрiнбейтiн Әкелерiңе сиыныңдар! Сонда құпия iстердiң бәрiн көретiн Әкелерiң сендерге сыйын бермек
(Мат. 6:6).

Құдай — бiреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келiстiрушi де Бiреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсiх (1Тім. 2:5).

Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмiр Менмiн. Мен арқылы болмаса, ешкiм де Әкеге бара алмайды (Жох. 14:6).

Иса Өзінің шәкірттерін Құдайдың еркі туралы сиынуға үйретті, Оның еркі орындалу үшін, бізге қамқор болсын деп, кешірім алу үшін, азғырылуға жол бермей, шайтаннан қорғау үшін сиынуды айтты.

Сонымен Құдайға мына iспеттi мiнажат етiп сиыныңдар:
Көктегi Әкемiз! Сенiң киелi есiмiң қастерлене берсiн, Патшалығың осында орнасын!
Сенiң еркiң көкте орындалғандай, Жер бетiнде де орындала берсiн! Күнделiктi нанымызды бүгiн де бере гөр. Бiзге күнә жасағандарды кешiргенiмiздей,
Сен де күнәларымызды кешiре гөр. Азғырылуымызға жол бермей,
жамандықтан (шайтанның ықпалынан) бiздi сақтай гөр. Патшалық, құдiрет пен ұлылық мәңгi-бақи Сенiкi! Аумин (Мат. 6:9-13).

Біз Құдайдың Сөзін оқып, оған мойынсұнып, Құдайға өмірімізді сеніп тапсырып, сиынғанда Құдай шынымен де біздің мінәжатымызға жауап беретінін ұмытпаңыздар. Нақты мінәжатқа нақты жауапты Құдай береді. Құпияның мәнісі мынада: Құдайдың Сөзін біліп, Оның еркіне сәйкес сиыну. Сондықтан да біз Оның Сөзі бойынша сиынсақ, Ол жауап береді.

Бiз Оның еркiне сай бiр нәрсе сұрасақ, Құдай тiлегiмiзге құлақ салады деп кәмiл сенемiз. Не сұрасақ та, Құдай бiзге құлақ салады деп бiлсек, Оның тiлегенiмiздi беретiнiн де бiлемiз
(1 Жох. 5:14,15).

Жеке қолдану:
Киелі кітапты оқуға және сиынуға арналған белгілі уақытыңыз бен нақты бір орныңыз бар ма?
Киелі жазбаны зерттеу дұрыс па?
Сізге қарсы күнә жасағандарды сіз кешірдіңіз бе?
Күнделік наныңыз үшін сиынуды бастаңыз.