ҚҰТҚАРЫЛУ
Жаңа бастама
Сонымен, бiреу Мәсiхпен тығыз байланысса, сол — жаңадан жаратылған адам. Ескi өмiрi өтiп кетiп, мiне, жаңасы пайда болды!
(2 Қор. 5:17).
Жаңа жаратылыс. Жаңа бастама. Біздің бәрін басынан бастағымыз келгені жақсы жаңалық болып табылады. Алайда осы жақсы жаңалықты бағаламас бұрын, біз неге барлығын басынан бастауымыз керектігін жете біліп алуымыз қажет. Біз неге «жаңадан жаратылған адам» болуымыз қажет? Бізге құтқарылудың қажеті қанша?
МӘСЕЛЕ (проблема):
Біз күнәміздің кесірінен Құдайдан ажырап қалдық
Құдай мен адамның арасында алшақтық жатты. Құдай мен адамның арасындағы осы мәңгілік алшақтықтың себебі күнә болып табылады.
Құдай мың шақырым алыс жерде сияқты сезімдер сізде болды ма? Сіздің сиынған мінәжатыңыз алысқа бармай, оны ешкім естімейтін сияқты сезім болды ма? Өзіңізді Құдайдан алыс сезіндіңіз бе? Бұл барлығымыздың басымыздан өтті.
Құдайдан өзіңді алыс сезіну – бұл кеңінен өріс алған жағдай. Осы алшақтықты cезінген көп адамдар, егер де Құдай туралы ойлауға тырысатын болса, өз діні туралы көбірек білсе немесе қандай да бір ғибадатханаға барса, олар Құдайға жақын боламыз деп ойлайды. Алайда Құдай мен адамның арасындағы алшақтық физикалық та, саналы да нәрсе емес, олай болса, Құдай туралы ойлар да, білім де бізді Құдайға жақындата алмайды. Онда ол не нәрсеге байланысты?
Бiлiп алыңдар: Жаратқан Иенiң қолы сендердi құтқауға дәрменсіз емес, Оның құлағы мiнажаттарыңды естуге мүкiс те емес. Қайта, өздерiңнiң әдiлетсiз iстерiң Құдаймен араларыңды ажыратып келедi! Жасаған күнәларың Оның бетiн сендерден бұрып әкетедi. Сондықтан да Құдай Ие мiнажаттарыңа құлақ салмайды
(Ишая 59:1,2).
Құдай мен адамдардың арасындағы алшақтық – рухани алшақтық. Құдай – киелі, ал адам – киелі емес. Құдай әділетті, адам ондай емес. Бәрі де күнә жасады, сондықтан барлық адамдар Құдайдан мәңгілікке ажырап қалды. Адамдардың бәрі күнәнің салдарынан – мәңгілік өліммен азап шегетін болады.
Бәрi де күнә жасап, Құдайдың өздерiне белгiлеген ұлылығынан құр алақан қалды
(Рим. 3:23).
Күнәның беретiнi — (мәңгiлiк) өлiм, ал Құдайдың беретiн сыйы — Иемiз Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы мәңгiлiк өмiр
(Рим. 6:23).
ШЕШІМ
Құдайдың құрбандығы және алмастыру
Құдайдың әділдігі адамдардың күнәсін өтеу үшін құрбандықты талап етеді. Иса Мәсіх біз үшін құрбан болып, күнәміздің жазасын айқыш ағашта өтеді.
Құдай киелі, әділ, Ол күнәнің жазасыз қалуына жол бермейді. Құдай сүйіспеншілікке толы, аяушылық танытатын, мейірімді болғандықтан, Ол бүкіл адамзаттың Өзінен мәңгілікке ажырауын қаламады. Осы мәселенің керемет шешімі - Құдайдың рухани Ұлы Иса - күнәнің құнын өтейтін құрбандық болды.
Әйтпесе Ол әлем жаратылғаннан берi әлденеше рет азап шегiп өлуге мәжбүр болған болар едi. Керiсiнше, Мәсiх қазiр, дүниенiң ақырғы заманында, бiр-ақ рет жер бетiне келiп, адамдарды күнәларынан бiржола арылту үшiн Өзiн құрбандыққа қиды. Құдай адамның бiр рет өлiп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын белгiлеген. Сол секiлдi Мәсiх бiр рет көптеген адамдардың күнәларын Өз мойнына алып құрбан болды. Ол дүниеге қайта оралған кезде тағы да күнәны өтеу үшiн емес, Өзiн аңсап күтiп жүргендердi түгелдей құтқару үшiн келеді
(Евр. 9:26-28).
Айқыш ағашта қандай жағдай болды? Иса айқыш ағашта құрбан болуы арқылы, біздің күнәміздің құнын өтеді. Ол әділ болса да, біздің күнәмізді мойнына артты. Ол бізге тиісті қарғысты Өз мойнына алып, оның орнына бізге Өзінің жарылқауын берді. Иса Өзінің кінәратсыз өмірінің арқасында адамзаттың күнәсінің құнын төлеуге лайықты жалғыз Құтқарушы және Құдай мен адамның арасындағы терең құзды Жалғастырушы болды.
Құдай бiздiң күнәларымызды ешқашан күнә жасамаған Мәсiхке артты. Онымен тығыз байланысқан бiз осы арқылы Тәңiр алдында ақталдық
(2 Қор. 5:21).
Алайда айқышқа шегеленiп iлiнген кезде Мәсiх бiзге тиiстi қарғысты Өз мойнына алып, бiздi Таурат заңы мәлiмдеген қарғыстан құтқарды! Себебi «ағашқа iлiнген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады» деп жазылған (Ғал. 3:13).
НӘТИЖЕ
Біздің құтқарылуымыз және Құдаймен татуласуымыз
Біз күнәмізге кешірім алу үшін, Құдаймен татуласу үшін және мәңгілік өмірге ие болу үшін Иса Мәсіх айқышта құрбан болды.
Біз бәріміз киелі және әділ Құдайға қарсы күнә жасадық. Күнәнің жазасы – Құдайдан мәңгілікке ажырап, тозаққа түсу. Құдай әділетті және Ол күнәні жазалайды. Алайда Ол – сүйіспеншіліктің Құдайы, Ол біздің мәңгілікте тозақта болғанымызды қаламайды. Сондықтан да Құдай Өзінің Ұлы Иса Мәсіхті біздің күнәміздің құнын төлеу үшін, айқыш ағашта Өз өмірін біз үшін құрбан етуге жіберді. Исаның өмірі таза, күнәсіз болғандықтан, өлім Оған билігін жүргізе алмады, Иса үшінші күні өлімнен қайта тірілді. Иса арқылы біз күнәдан арылып, кешірімге және мәңгілік өмірге ие боламыз. Иса арқылы Құдайдың алдында біз әділ саналып, Оның баласы ретінде жаңа өмірге ие боламыз.
Өйткенi Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендiктен, Өзiнiң жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа бердi. Ендi Оған сенушi әркiм жаны тозаққа түспей, мәңгiлiк өмiрге ие болады
(Жохан 3:16).
Мәсiхтiң құрбан болып, қаны төгiлуiмен төлемiмiз өтелiп, бiздер жамандықтың құлдығынан азат етiлiп, күнәларымыз кешiрiлдi. Осылайша Құдай шексiз зор рақымын бізге молынан жаудырды
(Еф. 1:17).
Алайда Иса Мәсiхтiң қанын төгiп, құрбан болғандығы арқылы бұрын қашық жүрген сендер ендi Құдайға жақындадыңдар
(Еф. 2:13).
ЖАУАП
Сенім арқылы Құдайдың дарынын қабылдаңыз
Біз өзімізге емес, Иса Мәсіхтің біз үшін істеген әрекетіне сене бастаған кезде құтқарылуды қабылдаймыз.
Біздің құтқарылуымыз Құдайдың мол рақымының нәтижесі болып табылады. Ол Исаның біз үшін айқыш ағаштағы әрекетінен басталады. Біздің құтқарылуымыз Құдай үшін істеген біздің жақсы істерімізге ешқандай қатысы жоқ. Біз жақсы іс-әрекетіміз арқылы құтқарыла алмаймыз және Құдайдың қолдауына ие де болмаймыз. Біз Құдайдың рақымы арқылы құтқарылдық, бізге Құтқарушы қажет екенін жете түсінген кезде, біз күнәдан бас тартып, Иса Мәсіхті Жаратушы Ие және Құтқарушы деп қабылдаған кезде, сенімімізді Оған толық артқан кезде біз құтқарыламыз.
Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегiңде Құдайдың Оны өлiмнен қайта тiрiлткенiне сенсең, онда құтқарыласың. Себебi Мәсiхке жүрегiмен сенуi арқылы адам күнәсынан ақталып, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады
(Рим. 10:9,10).
Себебi Құдайдың рақымымен, Мәсiхке деген сенiмдерiң арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздерiңнiң жетiстiктерiң емес, Құдайдан келген сый, сондықтан игi iстерiмнiң арқасында құтқарылдым деп ешкiм мақтанбасын
(Еф. 2:8,9).
Жеке қолдану:
Сіз өзіңізге сенуіңізді қойып, тек Иса Мәсіх арқылы ғана құтқарылатыңызға сенесіз бе?
Сіз өзіңіздің барлық күнәларыңыздан бас тарттыңыз ба?
Иса Мәсіхті Жаратқан Ием деп және өміріңіздің Қожайыны ретінде мойындадыңыз ба?
Сіз Исаның соңынан еруге және Оған өміріңіздің аяғына дейін мойынсұнуға дайынсыз ба?
Құтқарылу мінәжаты
Көктегі Құдай Әке, бізді арамыздағы алшақтық менің күнәмнің кесірінен болғанын мойындаймын. Мен өзімнің күнәһар екендігімді және Сенің маған белгілеген ұлылығыңнан құр алақан қалғанымды мойындаймын. Менің күнәмнің құнын өтеу үшін Сен Өзіңнің ұлың Исаны жібергеніңе алғыс айтамын. Исаның мен үшін айқыш ағашта құрбан болғанына сенемін, Исаны өлімнен қайта тірілткеніңе сенемін. Мен күнәларым үшін өкініп, кешірім сұраймын. Мені күнәларымнан тазартшы. Киелі жазба «күнә» деп атағанның бәрінен бас тартқым келеді. Мен Исаны Жаратқан Ием деп және Құтқарушым деп қабылдаймын. Өмірімнің аяғына дейін Сені сүюге, Саған қызмет етуге, Саған мойынсұнуға көмектесші. Исаның атымен сиындым. Аумин.
Жаңа өмір
Егер де сіз осы мінәжатпен шын жүректен сиынсаңыз, Киелі кітапта ескінің бәрі өтіп, жаңаның пайда болғанын айтады. Келесі 11 сабақ сіздің өміріңізге енген кейбір жаңа нәрселермен таныстырады.