icon__search

ШӘКІРТТІК

ЖАҢА ТАПСЫРМА

Қайта, жүректерiңнен Мәсiхке қасиеттi Иемiз деп ерекше орын берiңдер! Iштерiңдегi үмiттi түсiндiрудi сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек iлтипат, құрмет танытып сөйлеңдер
(1 Пет. 3:15).

Иса қайыққа мiнгенде, жындарынан арылған кiсi Одан: «Сiзбен бiрге болайыншы», — деп сұрады. Бiрақ Иса рұқсат бермей: — Үйiңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенiң өзiңе не iстегенiн, қалай рақым еткенiн айтып бер! — дедi
(Марқа 5:18,19).

Мысалға, сіз дәрігерсіз дейік, сіз қатерлі ісікке қарсы керемет дәрі таптыңыз. Енді осы жаңалықты барлығы білгенін қалайсыз ғой! Ал қазір сіздің қолыңызда қатерлі ісіктен де қауіпті «ауруға» қарсы дәрі бар. Сізде күнәға қарсы вакцина бар. Шәкірт ету Құдайдың шешімі туралы Ізгі хабарды айтудан басталады. Басқаларға құтқарылу туралы айтуға дайын болу үшін, біз өзіміздің куәлігімізді және Құдайдың Ізгі хабарын айтуды үйренуіміз қажет. Оны қалай жасаймыз? Біз шәкірт етуден бастаймыз.

Өз куәлігіңді қалай айтуға болады?
Сотта куәгер «шындықты, тек шындықты» айтады, яғни ол көргенін, естігенін және басынан өткізгенін айтады. Біз Құдайдың куәгері болуға шақырылдық. Біз Құдайдың біз үшін, біздің өмірімізде және біз арқылы не істегенін айтуымыз қажет. Куәгер Иса Мәсіхтің рақымы туралы куәлік ететін өмірді айтады. Куәгер – бұл біздің істеген ісіміз емес, біздің кім екендігіміз. Куәгер болудың жалғыз бір жолы – Киелі Рухтың құдіреті арқылы болады, себебі Киелі Рух бізге куәлікті және Ізгі хабарды батыл айтуға күш береді.

Біздің куәлік сөздеріміз өте күшті. Бұл Исаның біз үшін не істегенін және біздің өмірімізді қалай өзгерткенін мойындау болып табылады. Куәлік айту үш бөліктен тұрады:

1. Исаны қабылдағанға дейінгі өміріңізді қысқа ғана айтып өтіңіз.
2. Исаға қалай келгеніңізді анық түсіндіріңіз.
3. Енді мәсіхші болғаннан кейінгі өміріңізді қуанышпен сипаттаңыз.

Бауырластарымыз «Тоқтының» өз жанын құрбан етiп,қанын төгуiнiң арқасында және өздерiнiң Iзгi хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен жеңiске қол жеткiздi. Олар өз жандарын тым қатты сүймей өлiмге қиды
(Аян 12:11).

Ізгі хабарды қалай тарату қажет?
Ізгі хабар – бұл Құдайдың хабарына сенетін әркімді құтқаратын Құдайдың құдіретті күші. Бұл біздің мәдениетке және қоғамға қатысуымыздың себебі болады, біз сол жерлерде куәлік айта аламыз.

Мен Iзгi хабар үшiн еш ұялмаймын, ол — Мәсiхке сенетiн барлық адамдарды, алдымен яhудилердi, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдiретi! (Рим. 1:16).

Ізгі хабарды жанұяңызға және достарыңызға мына екі аятты қолдана отырып айтыңыз.

... бәрi де күнә жасап, Құдайдың өздерiне белгiлеген ұлылығынан құр алақан қалды
(Рим. 3:23).

Барлық адам күнә жасады. Күнә деген – бұл кез-келген нәрседе тіл алмау және Құдайға қарсы бүлік жасау. Жер бетіндегі бірде-бір адам Құдайдың өсиеттеріне мойынсұнбады.

Күнәның беретiнi — (мәңгiлiк) өлiм, ал Құдайдың беретiн сыйы — Иемiз Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы мәңгiлiк өмiр
(Рим. 6:23).

Барлығымыз күнә жасағандықтан, біз өлімге лайықпыз, тіпті Құдайдың ұлылығынан құр алақан қалдық. Ал жақсы хабардың мәнісі мынада, яғни құтқарылу – Құдайдың бізге берген тегін сыйы. Құтқарылу Иса Мәсіхке негізделген, себебі Иса айқыш ағашта біздің орнымызға құрбан болды. Енді біз бұл тегін сыйды сеніммен қабылдаймыз және Исаның айқыштағы әрекетіне сенеміз.

Сіз жанұяңызға және достарыңызға Ізгі хабарды айтқаннан кейін, олармен бірге сиынуға ұялмаңыз.

Шәкірттерді қалай тәрбиелеу қажет?
Біз адамдарды Исаға әкеліп, оларды Құдайдың өсиеттерін сақтауға үйреткен кезде, біз оларды шәкірт ете аламыз. Пауыл Тімотеге өзінен естіген шынайы ілімді тәлім беруге қабілеті бар, сенімді адамдарға тапсыруын айтты.

Сондықтан күллi халықтарға барыңдар! Оларды Менiң шәкiрттерiм етiп, Құдай Әкенiң, рухани Ұлының және Киелi Рухының атымен шомылдыру рәсiмiнен өткiзiңдер, әрi сендерге өсиет еткендерiмнiң бәрiн де ұстануға үйретiңдер! Естерiңде болсын: Мен бұл дүниенiң ақыр соңына дейiн әр күнi өздерiңмен бiрге болып, сендерге жар боламын!»
(Мат. 28:19, 20).

Өзiң менен естiп, көптеген кiсiлер растаған шынайы iлiмдi басқаларға да тәлiм беруге қабiлетi бар, сенiмдi жандарға аманатта!
(2 Тім. 2:2).

Жеке қолдану:
Сіздің өміріңіз Құдайға куәлік бола ала ма?
Осы сабаққа келетін адамға өз куәлігіңізді айтыңыз.
Ізгі хабарды әлі естімеген жанұяңыз үшін және достарыңыз үшін сиыныңыз. Құдай оларға Ізгі хабарды айтуға мүмкіндік беретініне сеніңіз.
Адамдарға барып, оларды Исаның шәкірті етіңіз.